Сот «ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ ісі бойынша прокурормен процестік келісім жасаған 12 тұлғаға қатысты үкім шығарды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта прокурормен процестік келісім жасаған «ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ-ң 12 лауазымды тұлғаларына қатысты үкім жарияланды. Сот отырысы барысында 2016 жылғы 27 мамырда олар бойынша қылмыстық істі сот  келісімдік іс жүргізуде қарау үшін жеке өндіріске бөлді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуалдық кодексінің 612 бабының тәртібінде  барлық 12 сотталушылар прокурормен кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасты. Бұл сотталушылар тағылған айып бойынша кінәларын толық мойындады, олар бұрын сотталмаған,  жасаған іс-әрекеттеріне өкінген және келтірілген залалдың орнын толтырған. Бұдан бөлек, олар қылмыстарды ашуға белсенді көмек көрсетіп,  қылмыстық әрекеттің басқа да сыбайластарын әшкерелеуге ықпал еткен. Процестік келісімдерде жәбірленуші тарапының,  яғни «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ң  келісімге келгендігі баяндалған.  

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, процестік келісімді жасау барысында  міндетті түрде күдікті (айыпталушы) тарапынан айыптауға және іс бойынша қылмысты жасағанына қолда бар дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпауы, жәбірленушінің келісуі ескеріледі. Бұл заңның нормасы 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыста.

Процестік келісім арқылы қылмыстық істің қаралу нәтижесінде барлық сотталушылар  өздеріне тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды және процестік келісімнің тәртібімен әртүрлі жазалау шарасымен сотталды.

Қ.Қ.Үсенов ҚР ҚК-нің 307 бабының 1 бөлігі (қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, 1997 жылғы 16 шілдедегі редакция), 28 баптың 5-бөлігі – 189 бабының 4-бөлігінің 2 тармағы (сеніп тапсырған аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті иемденіп алуға жәрдемдесу) бойынша кінәлі деп танылды. Оған қылмыстардың жиынтығы бойынша, ҚР ҚК-нің 58 бабының 3-бөлігін қолдана отырып,  2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды.   Үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы күзетпен ұстауға алмастырылып, ол сот отырысы залында қамауға алынды. Сот Қазақстан Республикасы Президентіне   Қ.Қ.Үсеновті «Құрмет» ордені мемлекеттік марапатынан  айыру туралы ұсыныс шығарды.

М.К.Шорманов, А. Тлекметов ҚР ҚК-нің  189 бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырған аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті қылмыстық топпен иемденіп алу немесе жымқыру) кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығанан айыру түріндегі жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды.

Н.М.Ақпамбетов, С.Б. Сеитов, Р.С.Ақылбаев, С.К. Сардарбеков, С.М.Найзабеков, Т.Ж.Сағындыков,  Е.Е.Тлеуов, С.Ю.Ильин  ҚР ҚК-нің 28 бабының 5-бөлігі – 189 бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырған аса ірі көлемдегі бөтен мүлікті иемденіп алуға жәрдемдесу), «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ң ақшалай қаражаттарын жымқыруға жәрдемдескендері үшін  кінәлі деп танылды.

С.Б. Сеитовке 5 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Н.М. Ақпамбетовке  4 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Р.С. Ақылбаевқа 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды.

С.К. Сардарбековке, С.М. Найзабековке, Т.Ж. Сағындықовқа, Е.Е. Тлеуовке  әрқайсына 10 000 АЕК мөлшерінде (19 820 000 теңге) айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

С.Ю. Ильинге 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды.

В.К. Пягай ҚР ҚК-нің 28 бабының 5-бөлігі – 176 бабының 4-бөлігінің «б» тармағы бойынша (сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе жымқыруға жәрдемдесу, 1997 жылғы 16 шілдедегі редакция) кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарда басшы қызметін атқару құқығынан 2 жыл мерзімге  айыра отырып,  шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Оған қатысты пробациялық бақылау бекітілді.

В.К.Пягайдан бөлек, барлық 11 сотталғандарға қатысты сот заңмен қарастырылған, қылмыстық жолмен табылған немесе қылмыстық жолмен табылған қаражаттарға алынған мүлкiн тәркiлеу, мемлекеттік органдармен коммерциялық ұйымдарда басшы қызметін атқару құқығынан айыру түріндегі  қосымша жаза шарасын  қолданды. Бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғалар сот залында қамауға алынды.

Ескерте кетсек, қылмыстық іс бойынша 23 сотталушы бар. Олар қылмыстық әрекеттің бес эпизоды бойынша айыпталды.  Сот талқылауы 2016 жылғы 4 сәуірде басталып, екі ай мерзімде қаралды.  

Іс бойынша қалған 11 сотталушыға, оның ішінде ұлттық компанияның («ЭКСПО-2017») экс-басшысы Т.Ермегиявке қатысты  үкімнің  жариялануы   Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2016 жылғы 9 маусымда сағат 16.00-ге жоспарланды.

Источник: 
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі