Сот тұрғын үй кешені тұрғындарының құқықтарын қалпына келтірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Талап қоюшылар тұрақ орындарын меншікке беру туралы шарттарды жарамды деп тану туралы ТҚК-ға талап қойып, Астана қаласының Алматы аудандық сотына жүгінді.

Талап қоюшылар 2015 жылы тұрғын үй кешенінен (одан әрі – ТК) тұрақ орындарын сатып алу мақсатымен құрылыс салушымен ТКК-ге кіру туралы шарттарды жасасты.

Қойылған талапқа талап қоюшылардың шарттар бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындағаны, тұрақ орнының құнын төлегендері, тұрақ орындарын қабылдағандары және пайдаланып отырғандары, оларды күтіп-ұстау ауыртпалығын көтергендері туралы уәж келтірілді. Алайда, ТҚК-ның атқарушы органының болмауына байланысты олар өз мүлкіне меншік құқығын тіркете алмады.

Сотта нысанның бүгінгі күнге дейін пайдалануға берілгені анықталды. Алайда, талап қоюшылар мүлікті өз меншіктеріне беру туралы шарттарды жасата алмады. Бұған ақша қаражатын иемденгені және ысырап еткені үшін соттың үкімімен сотталған және қазіргі уақытта жазасын өтеп жатқан кооператив басшысы С.-ның болмауы себеп болды. Тараптар арасында меншікке беру шарттарын жасау үшін өзге уәкілетті адам болған жоқ.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына, 63-бабының 1 және 2) тармақшаларына сәйкес, пай жарнасының барлық сомасын төлеген тұрғын үй (тұрғын үй-құрылыс) кооперативінің мүшесі тұрғын үйдің меншік иесі болады.

Жарнаның толық сомасын енгізу кооператив мүшесінің кооперативтік пәтерге (үй-жайға) меншік құқығын иеленуі үшін негіз болып табылады. Ал пәтердің (үй-жайдың) меншік иесі жылжымайтын мүлікті тіркеу үшін белгіленген тәртіппен пәтерді (үй-жайды) тіркеуге міндетті.

Қойылған талаптар сот шешімімен толық көлемде қанағаттандырылды. Тұрақ орындарын талап қоюшылардың меншігіне беру туралы шарттар жарамды деп танылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Астана қаласының Алматы аудандық соты