Апелляция Кіші Талдыкөл бойынша істі қайта қарады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2022 жылғы 2 желтоқсанда Астана қаласының соты «Кіші Талдыкөл» көлдер тобының ісі бойынша елордалық әкімшілік соттың шешімін өзгертті.

Істің мән-жайы.

«Aqiqat» корпоративтік заңгерлер коалициясы сотқа жергілікті атқарушы органның (бұдан әрі – ЖАО) әрекетсіздігін заңсыз деп тану және «Кіші Талдыкөл» көлдер тобында су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуге мәжбүрлеу туралы, сондай-ақ ЖАО-ның уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру және су қорының жерлерін елді мекеннің жерлеріне ауыстыру туралы қаулыларына дау айту туралы талап қоюмен жүгінді.

Талаптар «Кіші Талдыкөл» көлдер тобының айналасында су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қажет болатын су объектілеріне жататындығына негізделді; су қорынан жер беруге жол берілмейді.

Сот шешімі.

2022 жылғы 11 шілдеде елордалық әкімшілік сот «Кіші Талдыкөл» көлдер тобында су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілемеген елорда әкімдігінің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, № 6, 7, 9 көлдер учаскелерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнатуға міндеттеді. № 6, 7, 9 көлдер учаскелерін елді мекен жерлеріне ауыстыру бөлігінде «су қорының жерлерін елді мекен жерлерінің санатына ауыстыру туралы» әкімдіктің қаулысы заңсыз деп танылды және күші жойылды.

Апелляциялық сатыдағы соттың ұстанымы.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот белгілеген мән-жайларды және оның қорытындыларын ішінара дұрыс деп таныды.

Мәселен, «Кіші Талдыкөл» көлдер тобы су объектісі болып табылады, сондықтан су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жергілікті атқарушы органның заң шығарушы белгілеген міндеті болып табылады. Алайда әкімдік аталған іс-қимылдарды жүргізбеген, жерді елді мекеннің жеріне ауыстыру кезінде рәсім бұзылған.

Сонымен қатар сот актісінің өзгеруіне істі апелляциялық қарау барысында әкімдік мамандарының 2022 жылғы 8 шілдедегі жаңа қорытындысын ұсынғаны себеп болды.

Аталған қорытынды бірінші сатыдағы соттың зерттеу тақырыбы болған жоқ, соттың оған құқықтық бағасы берілмеді.

Жаңа қорытындыға сәйкес - № 6 су қоймасы толтырылып, ал № 9 су қоймасы кебуде. №7 су қоймасын сақтау және жер асты суларының ағынын қалпына келтіру үшін міндетті тереңдету жұмыстарын жүргізу ұсынылады.

Қорытындыны аталған салада арнайы білімі бар мамандар (гидролог, инженер-гидрогеолог, эколог-аудитор) берді.

№6, 9 көлдердің жер учаскелерінде қазіргі уақытта көппәтерлі тұрғын үй кешендерін, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар объектілерді салу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Алқа мамандардың жаңа қорытындысын ескере отырып, тек №7 су қоймасына қатысты су қорғау аймағын белгілеуді барабар деп санады, осылайша әкімшілік рәсімге қатысушылардың әділ теңгерімін қамтамасыз етті.

Қайнар: 
Астана қаласы сотының баспасөз қызметі