Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысының міндетін атқарушыға қатысты үкім жарияланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
 

Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының № 2 соты 2020 жылғы 27 тамызда Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.А. Ли мен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау үкімін жариялады.

Істің мән-жайына келсек, А.А. Ли өзінің қызмет бабын пайдаланып, «ТаразҚұрылысЭксперт» ЖШС-ң директорын әкімшілік жауапкершілікке қайтадан тартылған кезде ЖШС-ні аккредиттеуден (сараптамалық жұмыстар құқығына берілген рұқсаттан) айыруы мүмкіндігін айтып жаңылыстырған. Ол осындай іс-әрекеттерімен 1 900 000 теңге сомасындағы ақшаны иемденіп алған (ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы).

Бұған қоса, А.А.Ли аккредиттеу комиссиясының мүшесі бола отырып, заңды тұлғаларға сараптама жұмыстарын жүзеге асыру құқығына аккредиттеу алуға көмек көрсеткені үшін бірнеше рет пара алған. Алынған параның жалпы сомасы 3 538 418 теңгені құрайды.

Н.А. Жанысова лауазымды тұлғаға пара беруде, пара беру және оның пара алуы кезінде оған бірнеше рет делдал болғаны, С. Жайшылықұлы А.А. Лиге пара бергені, ал И.И. Мамедов сол лауазымды тұлғаға пара беру және оның пара алуы кезінде оған делдал болғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Сотта прокурор сотталушы А.А. Лиді алаяқтық жасағаны және бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады. Ал, атап айтқанда, сотталушылар Н.А. Жанысовты 7 жыл, С. Жайшылықұлын 2 жыл 6 ай, И.И. Мамедовты 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылар олардың іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты соттан өздерін ақтауды сұрады. Қорғаушы тарап та осындай пікірді ұстанды.

Сотталушылардың кінәсі жасырын тергеу әрекеттерінің  нәтижелерімен, куәлердің айғақтарымен, шот бойынша банктерден алынған  үзінді-көшірмелермен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен расталды.

Сот сотталушылардың қылмыстық жауаптылыққа алғаш рет тартылуын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Сот жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ деп тапты. Жаза тағайындау кезінде сот әр сотталушының жасаған қылмыстарында атқарған рөлі мен қылмысқа қатысу дәрежесін ескерді.

Сот үкімімен А.А. Ли 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Н.А. Жанысоваға 28 259 180 теңге, С. Жайшылықұлына 3 000 000 теңге, И. И. Мамедовқа 3 790 000 теңге айыппұл салынды.

Сот А.А. Лиден 3 538 418 теңге мөлшерінде пара сомасын, сондай-ақ 1 900 000 теңге мөлшерінде ақшалай қаражатты, И.И. Мамедовтен қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудың нәтижесінде алынған 50 000 теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатты мемлекет кірісіне өндірді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Нұр-Сұлтан қаласы №2 Байқоңыр аудандық соты