Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жауаптылық

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотында жаяу жүргіншіні соғып кеткен азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Осылайша, сотталушы «Skoda Rapid»  маркалы автокөлік құралында жүріп келе жатқан кезінде, Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережесінің талабын бұза отырып, «Жаяу жүргінші жолы» жол белгісімен белгіленген, реттеуішісі жоқ жаяу жүру жолағы бойынша жолды сол жақтан оңға қиып өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні соғып кеткен.

Осы оқиға нәтижесінде жәбірленушіге өміріне қауіп келтіру мөлшерлемесі бойынша денсаулығына ауыр зиян келтірілген.

ҚР ЖҚЕ-нің 14.1-тармағының талабына сәйкес, көлiк құралының жүргiзушiсi оның қозғалыс бағытындағы жүрiс бөлiгiн реттелмейтiн жаяу жүргiншiлер өтпесi бойымен өтiп келе жатқан жаяу жүргiншiлерге жол беруге мiндеттi. ҚР ЖҚЕ-нің 10.1-тармағының талабына сәйкес, жүргiзушi көлiк құралын белгiленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда қозғалыс үдемелiлiгiн, көлiк құралы мен жүктiң ерекшелiгiн және жай-күйiн, қозғалыс бағытындағы көрiнуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргiзеді. Жылдамдық жүргiзушiге ереженiң талаптарын орындау үшiн көлiк құралының қозғалысына тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкiндiк беруiн қамтамасыз етуi керек. 

Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережесінің көрсетілген талаптарын сотталушы сақтамаған, ол жоғарыда көрсетілген салдарларға әкеп соқтырған.

Сот отырысында азамат С. өз кінәсін толық мойындады және жасаған қылмысы үшін өкініш білдірді.

Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылды және оған 1 жыл мерзіміне көлік құралын жүргізу құқығынан айырумен бірге 1 жыл мерзіміне бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды.

Сотталушыға пробациялық бақылау тағайындалды және мынадай: қылмыстық-атқару инспекциясын хабарландырусыз тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын ауыстырмау; жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерінен кетпеу; қылмыстық-атқару инспекциясының рұқсатынсыз басқа жерлерге сапарға шықпау міндеттері жүктелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Источник: 
Астана қаласының баспасөз қызметі