Автокөлік иесі ҚазАвтоЖолдан ЖКО үшін 8 миллион теңгеден астам ақша алатын болды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Өткен жылы «Астана-Петропавл» автожолының 82-ші шақырымында С. басқарып келе жатқан «Skoda Rapid» маркалы автокөліктің және  «Шкода Супер Б» автокөлігінің қатысуымен жол-көлік апаты болды. ЖКО салдарынан «Skoda Rapid» маркалы автомашинаның жолаушылары әр түрлі дене жарақаттарымен Шортанды және Ақкөл аудандық орталық ауруханаларына жеткізілді. Кейіннен бір жолаушы алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды.

Ақмола облысының Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 345-бабының      3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының белгілері бойынша басталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы шығарды. Қаулыны шығаруға жолаушының қайтыс болуына себеп болған ЖҚО фактісі бойынша жүргізуші С.-да қылмыс құрамының болмауы себеп болды.

Жүргізуші С. жолаушылардың, оның ішінде қайтыс болған жолаушының зайыбының  материалдық залалы мен моральдық зиянын өтеді.

Бағалауға сай «Skoda Rapid» маркалы автокөлігінің нарықтық құны 2 894 000 теңге болды. Осы автокөлік құралы қалпына келтіруге жарамсыз болып шықты.

Бұдан кейін ол «ҚазАвтоЖол» ҰК»-дан 8 194 000 теңге мөлшерінде келтірілген залал сомасын өндіру туралы талаппен Есіл аудандық сотына жүгінді. Осы залал сомасына жолаушыларға және қайтыс болған жолаушының зайыбына төленген залал сомасы мен қалпына келтіруге жатпайтын автомашинаның құны енгізілді.

Сот қысқы кезеңдегі жол-климат жағдайының қолайсыз болғанына қарамастан «ҚазАвтоЖол» ҰК» ЖКО болатын күні жолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін  қар үйінділерін тазалауды және көктайғаққа қарсы іс-шараларды жүзеге асырмағанын анықтады. Сонымен қатар ЖҚО болатын сәтте осы учаскеде автомобиль көлігі қозғалысын жабу немесе шектеу жүзеге асырылмаған.

Сот шешімімен «ҚазАвтоЖол» ҰК»-дан автомобиль иесі С.-ның пайдасына залал сомасы өндірілді.

Шешім заңды күшіне енді.

 

Қайнар: 
Есіл аудандық соты