Сот актілеріне шағым келтіру тәртібі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі

Сот актілеріне апелляциялық шағым жасау, наразылық білдіру

 

401-бап. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау және 

               наразылық білдіру құқығы

      1. Осы тарауда көзделген қағидаларға сәйкес заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
      2. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.
      3. Сот шешіміне апелляциялық наразылық білдіру құқығы істі қарауға қатысатын прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары істі қарауға қатысу-қатыспауына қарамастан, өздерінің құзыреті шегінде шешімге наразылық білдіруге құқылы.
      4. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасауға құқылы.

      402-бап. Апелляциялық шағымдарды, наразылықтарды қарайтын
               соттар

      Аудандық және оларға теңестірілген соттар шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты облыстық және оған теңестірілген соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды.
      Осы Кодекстің 27-бабы төртінші бөлігінің қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шығарылған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды.
      Судья аудандық және оларға теңестірілген соттар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты, жеке шағымды, ұйғарымға наразылықты жеке-дара қарайды.
      Ескерту. 402-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 489-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      403-бап. Апелляциялық шағымдар, наразылықтар беру тәртібі
               мен мерзімдері

      1. Апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарған сот арқылы беріледі. Тікелей апелляциялық сатыға келіп түскен шағым немесе наразылық шешім шығарған сотқа осы Кодекстің осы бабы екінші бөлігінің және 405-бабының талаптарын орындау үшін жіберілуге жатады.
      2. Апелляциялық шағым, наразылық іске қатысатын адамдардың санына қарай көшірмелерімен қоса сотқа беріледі. Қажет болған жағдайларда судья шағымды немесе наразылықты берген тұлғаны шағымға немесе наразылыққа қоса берілген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін іске қатысатын адамдардың санына қарай беруге міндеттей алады.
      3. Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық шағым, наразылық – шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап берілуі, ал сот талқылауына қатыспаған тұлғалар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беруі мүмкін.
      4. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алудың өткізілуін тексеру қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер бойынша апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарылған күннен бастап он күн ішінде берілуі мүмкін.
      5. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты беру үшін мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен қарайды.

      404-бап. Апелляциялық шағымның, наразылықтың мазмұны

      1. Апелляциялық шағымда, наразылықта:
      1) шағым, наразылық жіберілетін соттың атауы;
      2) шағым, наразылық беретін тұлғаның атауы;
      3) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;
      4) әдетте қолданылуға жататын заңдарға және іс материалдарына сілтеме жасай отырып, сот шешімінің заңсыздығы немесе негізсіздігі неден көрінетіндігіне нұсқау;
      5) шағым жасалатын немесе наразылық білдірілетін шешімнің заңдылығын қандай бөлігінде тексеру керек екендігі және шағым, наразылық беретін тұлғаның қандай өзгерістер енгізуін талап ететініне нұсқау;
      6) шағымға, наразылыққа қоса берілген құжаттардың тізбесі; 
      7) шағымды, наразылықты беру күні және шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның қолтаңбасы қамтылуға тиіс. Өкіл қол қойған шағымға сенімхат немесе істе ондай құжат болмаса, өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын өзге құжат қоса берілуге тиіс.
      Шағымды, наразылықты электрондық құжат нысанында берген кезде олар оны беретін тұлғаның немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанындағы шағымға, наразылыққа құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі.
      2. Апелляциялық шағымда, наразылықта бірінші сатыдағы сотқа мәлімделмеген талаптар болмауға тиіс.
      Егер шағымда, наразылықта жаңа дәлелдемелерді бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға жол беріледі.

Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу

      434-бап. Кассациялық тәртiппен қайта қарауға жататын сот
               актiлерi

      1. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерiн оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының сот актілерін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты кассациялық тәртiппен қайта қарауы мүмкiн.
      2. Мынадай:
      1) осы Кодекстің 12 және 13-тарауларында көзделген оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған;
      2) татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған;
      3) талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты;
      4) талап қоюдан бас тартуға байланысты аяқталған істер бойынша;
      5) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы, сондай-ақ оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі шеңберінде туындайтын даулар жөніндегі істер, оның ішінде борышкер жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істер бойынша сот актiлері кассациялық тәртiппен қайта қарауға жатпайды.
      3. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерi оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша сот актілері осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін. 
      4. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшiне енген сот актiлерi оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, осы баптың екінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген істер бойынша сот актілерін қоспағанда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген бірінші және апелляциялық сатылардың сот актілері осы Кодекстің 427-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
      5. Кассациялық сатының қаулылары осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер болған кезде қайта қаралуы мүмкін.

      435-бап. Заңды күшiне енген сот актiлерiне өтiнiшхат
               беруге, ұсыным енгізуге, наразылық келтіруге
               құқығы бар тұлғалар

      1. Осы Кодекстiң 434-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген сот актiлерiне дау айту туралы өтiнiшхатты тараптар, iске қатысатын тұлғалар, сот актілерінде мүдделері қозғалатын басқа да тұлғалар және олардың өкілдері беруi мүмкiн.
      2. Заңды күшiне енген сот актiлерiне өзінің бастамасы бойынша да, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өтінішхаты бойынша да Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсыну енгізуге құқылы, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылық келтіруге құқылы. 
      Өтінішхат ұсынуға немесе наразылыққа қоса беріледі.
      3. Өтiнiшхат берген тұлға, оның ішінде іс бойынша тарап ретінде өтінішхат берген прокурор одан бас тартуға немесе өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы, наразылық келтірген прокурор оны өтінішхат, наразылық қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа арыз беру арқылы кері қайтарып алуға құқылы.
      Өтінішхаттан бас тарту кассациялық сатыдағы сотта, оның ішінде алдын ала қарау сатысында да іс жүргізудің тоқтатылуына алып келеді. Өтінішхатты қайтадан беруге жол берілмейді, ал берілген жағдайда өтінішхат қайтарылады. 
      Кері қайтарылған жағдайда өтінішхат, наразылық осы Кодекстің 436-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде қайтадан берілуі мүмкін.
      4. Егер сот актілеріне өтінішхатты басқа тұлғалар берсе және ол бойынша кассациялық саты сотының сот отырысында қарау үшін өтінішхатты іспен бірге беру туралы шешім қабылданса, іс осы тарауда белгіленген тәртіппен мәні бойынша, оның ішінде осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде қаралуға жатады.
      5. Осы Кодекстiң 443 және 444-баптарында көзделген қағидалар Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымына және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.

      436-бап. Заңды күшiне енген сот актiлерiне дау айту,
               наразылық келтіру мерзiмдерi

      1. Апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде оларға өтiнiшхат, наразылық берілуі мүмкін.
      2. Сот актілеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасау мерзімі өтіп кеткен жағдайда, өтінішхат шағым жасау мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішті бірінші сатыдағы сот қарағаннан кейін, ал бас тартылған жағдайда – апелляциялық сатыдағы сот жеке шағымды, наразылықты, апелляциялық шағымды қарағаннан кейін кассациялық сатыдағы сотқа берілуі мүмкін.
      3. Осы баптың бірінші бөлігінің қағидалары осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот актілерін қайта қарау жағдайларына қолданылмайды. 
      4. Егер кассациялық наразылық келтiру туралы өтiнiшхат прокурорға белгiленген мерзiм сақтала отырып берiлсе, бiрақ ол бойынша шешiм қабылданбаса, кассациялық сатыдағы сот наразылық келтіру мерзiмiн ұзартады. Наразылықта бұл туралы көрсетiлуге тиiс.

      437-бап. Iстердi кассациялық тәртiппен қарайтын соттар

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы Кодекстің 435-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өтінішхаттары бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 435-бабының екінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың ұсынуы және наразылығы бойынша істерді кемінде үш судьядан тұратын алқалы құрамда қарайды.
      2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша кассациялық сатыдағы соттың қаулыларына енгізілген осы Кодекстің 435-бабының екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың ұсынуы және наразылығы бойынша істерді кемінде жеті судьядан тұратын алқалы құрамда қарайды.

441-бап. Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау
               туралы және кассациялық наразылық келтіру туралы
               өтінішхаттың мазмұны

      1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілетін сот актiсiн кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілетін кассациялық наразылық келтіру туралы өтiнiшхатта:
      1) өтiнiшхат жіберіліп отырған соттың немесе лауазымды адамның атауы; 
      2) өтiнiшхат беретін адамның және мүддесі үшін өтінішхат беріліп отырған адамның аты-жөні, оның тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi және iстегi процестік жағдай;
      3) iске қатысатын адамдардың тұрғылықты жерлері немесе орналасқан жерлерi көрсетіліп, оларды санамалау;
      4) iстi бiрiншi, апелляциялық сатыларда қараған соттарға нұсқау және олар қабылдаған шешiмдердiң мазмұны;
      5) қайта қарауға, наразылық келтіруге жататын сот актісіне нұсқау;
      6) материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуы неде екендігіне және өтінішхатты берген адамның өтініші неден тұратындығына нұсқау;
      7) өтінішхат осы Кодекстің 438-бабының алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша берілген жағдайда, өтінішхатта сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің айрықшалығы неде екені көрсетілуге тиiс.
      2. Егер өтiнiшхат iске қатыспаған адамның мүддесі үшін берілсе, онда дау айтылып отырған сот актісінде сол адамның қандай құқықтарының бұзылғаны көрсетiлуге тиiс.
      3. Егер өтiнiшхат бұрын кассациялық сатыдағы сотқа берiлсе және қайтарылса, өтінішхатта оны қайтару себептері туралы көрсетiлуге тиiс.
      4. Өтiнiшхатты берген адам оған қол қоюға тиiс. Өтінішхатты электрондық құжат нысанында берген кезде, ол оны берген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Электрондық құжат нысанында берілетін өтінішхатқа осы бапта көрсетілген құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі. 
      5. Сот актісіне дау айту туралы өтінішхатқа «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.