Қанат Махамбет-тілші, "«Сот кабинеті» мен «Сот құжаттарымен танысу» қызметі құқықтық мәдениеті жетілдіреді" // "Айқын" республикалық-қоғамдық газеті, 24.07.2015 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындайтын «Қазақстан – 2050» стратегиялық құжатында тәуелсіз, қуатты, дербес мәртебелі сот билігін орнықтырудың жаңа мақсаттары мен міндеттері айқындалған.

Онда соттар мен судьяларды одан әрі мамандандыру, мамандандырылған соттардың жұмысын жандандыру, бұқара халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыру, жаңадан тағайындалған судьялардың біліктілігін көтеру, соттардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, соттардың ашықтығы мен объективтілігін айқындайтын электронды инновациялық жүйені енгізу сынды өзекті мәселелер қамтылған.

– Астана қалалық соттарының өткен жылғы қызметін талдау сот төрелігін жү­зеге асыру көрсеткіштерінің жақсарғанын көрсетті. Мемлекеттің ең қымбат қазы­насы – адамның өмiрiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын қуатты заңдар мен әділ сот төрелігі болса, елорда соттары осы межені өз деңгейінде атқарып келеді деген сенімдемін, – деді бізге Астана қалалық сотының Кеңсе басшысы Ренат Тауымбеков. – Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарының 20 қадамында: «Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын мін­детті түрде енгізу. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу мате­риал­дарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс» деп нақтыланған. Тап­сырманы орындау үшін «электронды үкімет» бағ­дарламасы шеңберінде Астана қаласының соттары электронды техно­логияға кө­шірілді. Мә­селен, қазіргі уақытта Астана қаласының барлық соттары аудио және бейне жазу құрылғыларымен толық жабдықталған. Кез келген сот процесі аудио және бей­нетаспаға түсіріліп, бірден тараптардың қолына ұсынылады. Бейне­таспаны монтаждауға немесе басқа әрекеттерге жол берілмейді. Өйткені сот процесі басталған бетте бейне жазу құ­рылғысы іске қосылып, сот процесінің басталған және аяқталған уақытын толық көрсетіп тұрады. Бұл сот процестерінің уақытылы басталуына ықпал етіп, сот ісінің созы­луы­ның алдын алады және сот хатта­ма­ларының компьютермен терілуін тоқ­татады. 

Р. Тауымбековтың айтуынша, заманауи озық технологиялардың қолданылуы судьялар мен сот мәжілісі хатшыларының жүктемесінің жеңілдеуіне, сот отыры­сының хаттамасындағы ескертулерді азайтуға, сот ісін жүргізу рәсімін жеңіл­детуге ықпалын тигізіп, халықтың сотқа қолжетімділігіне түрткі болады.

– Сандық электронды қолы бар аза­мат­тар талап арыздарын, электронды құжат түріндегі сот хаттамаларын www.egov.kz порталы және www.astana.sud.kz арқылы жіберу мүмкіндігіне ие. Сот өндірісіне қабылданған арыздың қандай көлемде, қай дәрежеде қаралып жатқан­дығы туралы мәліметті елордалықтар қалалық соттың ресми сайтынан біле алады. Сол сияқты сотқа қатысушыларға істің жүру барысы туралы ақпарат алу және сот актілері жайында қажетті мағ­лұматпен танысу мүмкіндігі берілген. 
Барлық жергілікті соттар «Е-суд» «электрондық үкімет» порталын құрып, ел азаматтарының электрондық талап арыз беруіне, электрондық түрдегі сот хат­тамасын алуына мүмкіндік жасап келеді, – деді қалалық соттың Кеңсе басшысы. 
Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда «Сот кабинеті» сервисі іске қосылып, ха­лыққа қызмет көрсетіп жатыр. Ол Астана қалалық сотының интернет-ресурсына орналасқан. 
«Сот кабинеті» онлайн электронды құжат айналымы азаматтар мен ұйым­дардың сот органдарымен электронды өзара іс-қимылының жаңа тәсілі. Сервис арқылы өтініш, арыз, шағым және элек­трондық түрдегі өтінімдерді әзірлеу, мем­лекеттік алымдарды онлайн түрінде төлеу, деректерді сақтау және жіберу опера­цияларын іске асырады. Тұтынушы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта сот құжатын қарап, істің тарихымен, дерек­термен танысып, сот актісін басып шығара алады. 
«Сот құжаттарымен танысу» сервисі логин, пароль, ЖСН-ді енгізу арқылы электронды сот құжаттарын көруге ар­налған. Логин мен парольді сот процесіне қатысушы азамат өзінің ұялы телефонына немесе электронды поштасына келіп түскен электронды хабарлама арқылы біле алады. Жолдаған өтініші тіркелгеннен кейін азаматтар оның тіркелгені туралы талон мен электронды хабарламалар туралы келісімге ие болады. 
Сот процесіне қатысушы мен өзге та­рапқа сот тыңдалымы туралы талон жол­данады. Жедел ақпараттандыру мақ­сатында сот процесіне қатысушыларға судьяның электронды-цифрлық қолтаң­басы қойылған сот актілерінің шыққаны туралы SMS жіберіледі. Сервистегі электронды сот құжаттарын көруге, сақ­тауға және жүктеп алуға болады. Бұған қоса, сервис сот кеңселері қызметкерле­ріне пошталық хабарландырудан бас тартқан барлық электронды хабарла­маларды шолып отыруға мүмкіндік береді» деді Р.Тауымбеков. 

Сот өкілінің пікірінше, сот жүйесінің конституциялық дербестігі мен тәуел­сіздігін нығайтуда, сот билігінің беделін жоғарылатуда, әділ сот төрелігін жүзеге асыруда соттарды материалдық-техни­калық және заманауи ақпараттық тех­нологиямен қамтамасыз ету аса маңызды мәселе. Себебі, электронды инновациялық жүйе сот процедураларының ашықтығы мен айқындығын, сот ісін жүргізудің тиім­ділігі мен объективтілігін артыра түседі.

«Сот кабинеті» және «Сот құжаттары­мен танысу» сервисі бұқара халықтың кең қолданысында болып, адвокаттардың, судьялар мен сот мамандарының тиімді жұмыс істеуіне, азаматтардың құқықтық мәдениетінің жетілуіне, олардың өздерінің конституциялық құқықтарын еркін пай­далануына септігін тигізеді. Ұлттық сот өндірісін дамытудың маңызды бағыттары 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған. Сон­дық­тан міндеттелген тапсырмалардың уақытылы орындалуы, судьялар мен сот мамандары біліктілігінің артуына ықпал етеді.
– Бүгінде сот әділдігін жүзеге асырудың сапасы жақсарып, халықтың сотқа деген сенімі артып келеді. Әділ сот төрелігін атқаруда, азаматтардың құқықтарын, бос­тандықтарын, заңды мүдделерін қорғауда және сот жүйесінің әрі қарай серпінді дамуында Астана қалалық соты өз үлесін қоса береді, – деп түйді ойын Р. Тауым­беков.