А.Жұмағұлов, Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы «Халықаралық арбитраждық орталықтың құрылуы құптарлық іс» // «Заң» газеті, 2015 жылғы 13 тамыз.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазіргі таңда Қазақстан дербес мемлекет ретінде экономикалық даму үрдістерінің мол тәжірибесін жинақтай отырып ХХI ғасырға қадам басты. Түпкілікті әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру жалпыұлттық даму басымдықтарының негізі болып табылды. Қысқа мерзім ішінде ашық нарықтық экономика мен демократиялық даму үлгісін таңдау арқылы қоғамды және экономиканы реформалау міндеттері тиянақталып, өзіне тән айқын сипаты бар жаңа мемлекеттілік құрылым жасалды. Әсіресе, реформалардың әлеуметтік бағыт ұстанғаны үлкен маңызға ие. Бүгінде кәсіптік еркіндік, жаңа салық, бюджет, банк жүйелері, жеке кәсіп орындар, шаруа қожалықтары дүниеге келіп, жаңа экономикалық қатынастардың негізі қаланды, яғни, нарық тетіктері жасалды. Мемлекеттің жаһандық халықаралық жүйедегі өз орнын анықтау, ұлттық мүддені қорғау, сыртқы саяси стратегияны айқындау, әлем мемлекет терімен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату, жетекші халықаралық ұйымдарды келіссөздерге тарту сияқты кезек күттірмейтін жұмыстар жүзеге асырылды. Ел мұраты демократиялық даму және экономикалық тәуелсіздікке жету жолы болғандықтан, анықта айқын мақсат қойылды. Алайда, бүгінде әлемде болып жатқан экономикалық дағдарыс бізге де өз әсерін тигізбей кетпесі белгілі. Осыған байланысты мемлекет тарапынан нақты шаралар қолданылып, тығырықтан шығуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде 5 институционалдық реформаны ұсынып, оны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамды айқындап көрсетті. Реформаны орындау мақсатында еліміздегі экономикалық ахуалды жақсартып, шетелдік инвесторларды тарту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы Президенттің №24 жарлығы шықты. Орталықты халықаралық деңгейде мойындау мақсатында халықаралық компаниялар тарапынан сенімділік пен қызығушылық тудыратын тетіктер жасалуда. Бұл үшін әлемнің озық қаржы ортасында қолданылатын қадағалаудың  жоғарғы стандарттарына сәйкес келетін, алаңсыз қызмет жасауға мүмкіндік беретін құқықтық орта құру аса қажет. Осыған байланысты әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттары негізінде сот ісі ағылшын тілінде қаралатын, сонымен қатар, дауларды қарау кезінде, оның ішінде инвестициялық дауларды қарау құқығы шетелдік судьяларды тар-та отырып қарау мәселесі күн тәртібіне қойылған. Сонымен қатар, орталықтың қатысушылары үшін кірістері бойынша төлем көзіне салынатын жеке табыс салығын төлеуден 10 жылға босату, орталықтың қатысушылары – Қазақстан Республикасының резиденті емес қызметкерлері үшін орталық аумағында тауарларды сатып алған кезде қосылған құн салығын қайтару шарттарын айқындайтын, орталық қатысушыларының шетелдік жұмыс күшін рұқсат алмай тарту мүмкіндігін көздейтін заң жобаларын әзірлеуге нұсқау берілген. Реформаның 24-ші қадамында Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында AIFC Халықаралық арбитраждық орталық құру мәселесі тұр. Аталған арбитраждық жүйе Астана қаласында құрылатын халықаралық қаржы орталығы негізінде, оның аумағында ұйымдастырылмақ және де ол осы қаржы орталығында құрылатын қаржы сотынан тыс баламалы коммерциялық арбитраж болады деп күтілуде. Оған сот әділдігін шешуге шетелдерден беделді және тәжірибелі арбитраждар тарту қарастырылған. Халықаралық арбитраждық орталықта қаржы орталығының қатысушылары арасында туындаған даулар, сондай-ақ, тараптар арасындағы өзара келісімге байланысты осы арбитраждақ орталық қарайтын даулар ғана қарастырылуы мүмкін. Қазақстанда мұндай орталықтың құқықтық базасы бұрыннан қалыптасқан. Шет мемлекеттердің арбитраждық шешімдерін мойындап және оны орындау туралы 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясы ратификацияланған. «Халықаралық арбитраж туралы» заң қабылданған. Әлемдегі мұндай орталықтардың ерекшеліктері – олардың мемлекеттен тәуелсіз жұмыс істеп өзін-өзі қаржыландыруында. Олар үшін негізгі жетістік факторы – бизнестің оларға деген сенімі. Астана қаржы орталығында Халықаралық арбитраждық орталықтың ашылуы шетелдік инвесторларды тартуға, олардың бизнесінің қауіпсіздігіне кепіл болары сөзсіз. Сонымен қатар, бұл біздің экономиканың өркендеуіне бірден-бір септігін тигізіп, халықаралық деңгейде еліміздің беделін көтеретіндігінде күмән жоқ.