Айбол Ибрагимов, Астана қалалық сотының Кеңсе басшысының орынбасары "Қара қылды қақ жармай, әділ үкім бола ма?.." // "Ана тілі" газеті, 29.07.2015 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мемлекет басшысының атап өткен тапсырмаларының алғашқысы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жетілдіру мәселесі болып табылады. Бұл қуантарлық жайт. Ұлттық заңнаманы қуаттандыру мемлекеттiк басқару жүйесiн оңтайландыруға, мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі меритократия қағидатын қалыптастырудың құқықтық тетіктерін реттеуге мүмкіндік туғызады.

Мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушылар үшін үш сатылы іріктеу жүйесі, 3 айдан және 6 айдан кейін сынақ мерзімдерін белгілеу көзделеді. Мемлекеттік қызметте іскерлік қабілетін, біліктілігін, жауапкершілігін көрсете алған маман ғана лауазыммен жоғарылайды. Мемлекеттік қызметкер айналасындағыларға үлгі болатындай, білімі де, іскерлігі де, халыққа деген құрметі, адамгершілігі де жоғары тұлға болуға тиіс, сонда ғана билікке деген ел сенімі артады.

100 қадам Ұлт жоспарының 17-қадамында: «Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін және біліктілік талаптарын қатайту. Міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Судьялыққа үміткерлер соттарда судья жалақысының 70 пайызы мөлшерінде жалақысы төленетін бір жылдық тағылымдамадан өту. Бір жылдық тағылдамадан кейін судьяға бір жылдық сынақ мерзімін белгілеу» деп атап көрсетілген. Осылайша белгіленген нормалар құқықтық реттелуде.

Астана қалалық сотының төрағасы Т.Бәрпібаевтың өкімімен біліктілік комиссиясы құрылып, судья көмекшісі туралы алғашқы ереже бекітілді. Судья көмекшісі туралы ережеде судья көмекшісі қызметінің құқықтық міндеттері, судья көмекшісінің жауапкершілігі, тәртібі айқындалды. Судья көмекшісінің өкілеттілігі бұл республика бойынша алғашқы жоба. Комиссиялық конкурсқа Астана қалалық соттарының Кеңсе мамандарының ішінде біліктілігі жоғары алпыс маман қатысты. Олардың ішінде судьялыққа тест тапсырғандар, академияны бітіргендер де бар. Судья көмекшісі туралы Ереже бойынша мамандардың еңбек өтілі үш жыл, соның ішінде бір жылы сот хатшысы болуы шарт. Біліктілік комиссиясы конкурсқа қатысқан мамандарды біліміне, еңбек өтіліне, кәсіби біліктілігіне және жеке басының адамгершілік қасиеттеріне қарай іріктеді.

Қатысқан 60 маманның 5-еуі бүгінгі таңда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының құрамында болған әділ сот институты, қазіргі Жоғарғы Сот жанынан қайта құрылған Академияға оқуға жіберіліп, 24 қызметкерге жаңадан тағайындалған судьялардың көмекшісі лауазымын атқаруға ұсыныс берілді. Судья көмекшісі қызметінің басым бағыты судья қызметін құқықтық-ұйымдастыру, ақпараттық, құжаттамалық және іс жүргізу қызметін қамтамасыз ету, сот процесін ұйымдастыру, сот актілерін дайындау болмақ. Жоғарғы Соттың жанынан қайта құрылатын Академияда магистрлер даярлау, судьялардың біліктілігін арттыру курстары және ғылыми-зерттеу институты құрылып, жұмыс істейтін болады.

Іріктеу кезінде кеңсе мамандарының қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот процестерінің хатшылығында болып, осы бағыттарда мамандандырылғаны ескерілді. Мәселен, қылмыстық істер бойынша сот хатшысы болған маман қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясына судья көмекшісі ретінде бекітіледі және тәлімгерлерімен бірге алғашқы тәжірибесін бастайтын болады.
Судья көмекшісінің жұмысы ай сайын тыңдалып, оның сот процесін ұйым­дастыруы, сот құжаттарын дайындауы тура­лы алты айда атқарған жұмысы бойынша есеп беріліп отырады. Біліктілік комиссиясы судья көмекшісінің жұмыс нәтижесін қарап, жылдың қорытындысымен судья көмекшісі қызметіне лайық па, лайық емес пе екеніне баға беріліп, Астана қалалық соты төрағасының атына судьялық лауазымға лайық, академияға оқуға түсуге немесе ішкі кадрлық резервке алынуға ұсыныс беріледі.

Бұл жүйе судья лауазымына кез келген адам өтіп кетпей, сот ісін жүргізуден нақты тәжірибесі бар, сот жүйесінде қызмет атқарған, сот процестеріне үнемі қатысып қалыптасқан хатшылардың, ең маңыздысы судьялық корпусқа білікті мамандардың келуіне септігін тигізеді. Осы талаптар судьялық корпустың қуатты қалыптасуына жол ашады. Судьялықтан үміткер судьяның көмекшісі қызметінде сотта істің қалай қаралатынын, сот процесінің қалай ұйымдастырылатынын, дәлелдемелерді заң нормаларына сәйкес зерделеу, сот актілерін сауатты жазуға машықтану сынды даярлықтан өтіп, білікті судьялар корпусының қалыптасуына ықпал ететін болады.
Реформаның келесі бастамасы инвестицияны соттық-құқықтық қорғау тетіктерін реттеуге негізделген.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесінің мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі, елдің әлеуметтік-экономикалық міндеттердін шешудегі, шағын және орта бизнес субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғаудағы, және олардың қызметі үшін оңтайлы жағдайлар жасаудағы соттардың айрықша орын алатындығын айтып, бұл ретте шетелдік және отандық инвесторлардың дауларын әділетті шешудегі елдегі соттардың жұмысының сапасын арттыру керектігін тапсырған болатын. Осы орайда Қазақстан Ресупублика­сының Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми кәсіпкерлікті қорғау үшін айрықша назар аудару керектігін, бұл ретте айқындаушы рөлді сот жүйесі атқаратынын, сондықтан да соттардың негізгі міндеті – өңірлерде аталған санаттағы істерді сапалы әрі уақытылы қарауды тапсырып, Жоғарғы Сотта инвестициялық дауларды қарайтын алқа және Астана қаласының сотында мамандандырылған судьялар құрамын құру жоспарланып отырғанын айтты.

«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Мемлекет басшысы: «Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет» деген болатын. Әрине, сот жүйесінің мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі, елдің әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешудегі, шағын және орта бизнес субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғаудағы, және олардың қызметі үшін оңтайлы жағдайлар жасаудағы соттардың айрықша орын алатындығына қанықпыз.

Бұл бағытта Астана қалалық соты қазіргі жаһандық қатерлерге негізделген экономикалық саясаттағы ерекшеліктерді ескеріп, кәсіпкерлік пен инвестицияны соттық-құқықтық қорғау, отандық және шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғаудың маңызын арттыру бағытында құқықтық шаралар атқаруда.