Сот М. Мухитованың жазасының өтелмеген бөлігін ауыстырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сотталған Мухитованың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы өтінішхаты «Байқоңыр» ауданы № 2 сотының ағымдағы жылғы 23 маусымдағы қаулысымен қанағаттандырусыз қалдырылды. Нұр-Сұлтан қаласы сотының апелляциялық сатысы осы шешімнің күшін жойды. Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі айыппұлға ауыстырылды. Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес, сотталған адам қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін. Мухитова заңның осы талаптарын орындады. Бүгінгі таңда ол жазаның басым бөлігін өтеді. Жазаның өтелмеген бөлігі 4 ай 27 күнді құрайды. Ол жазаны өтеу тәртібін бұзуға жол берген жоқ. Үлгілі мінез-құлқы және мекеменің қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін үш рет көтермеленді, жұмыстан жалтармады. Мекеме тарапынан оң сипатталады. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімі бойынша моральдық зиян өтемақысын да толық төледі. Прокурор мен мекеме өкілі сотталушының өтінішхатын қолдап, жазаны жеңіл түрімен ауыстыруды сұрады. Жоғарыда айтылған мән-жайлардың негізінде апелляциялық саты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны айыппұлға ауыстырды. Алайда Мухитова қосымша жаза - көлік құралын басқару құқығынан бес жыл мерзімге айырудан босатылған жоқ және ол осы жазаны мекемеден босатылғаннан кейін өтейді. Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласы Есіл ауданы № 2 аудандық сотының 2018 жылғы 13 қарашадағы үкімімен Малика Мухитова абайсызда адам өліміне әкеп соққан Жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін (ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі) кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылып, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеуге сотталған болатын.

Қайнар: 
Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметі